Іздеу
Жабу

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әділет министрі Қанат Мусинді қабылдады

17 ақпан, 2022
Бөлісу:

Президентке министрліктің былтырғы атқарған жұмыстарының нәтижелері мен 2022 жылы мән берілетін басым бағыттар жөнінде баяндалды. Биыл 26 заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына енгізіледі деп жоспарлануда.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекет мүддесінің қазақстандық және халықаралық соттарда қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде мәлімет берілді. Қазіргі уақытта министрлік 25 іс бойынша мемлекет мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастыруда. Атап айтқанда, олардың 14-і халықаралық арбитраждардың, 5-уі шетелдік соттардың қарауында жатыр, 6 іс сотқа дейінгі өндірісте.

Сонымен қатар Қанат Мусин сот актілерінің орындалуына қатысты жағдай мен халыққа заңгер көмегінің берілуі жөнінде есеп берді. Әділет министрінің айтуынша, 122 мыңнан астам азамат кепілдендірілген заң көмегін алған, осы мақсатта 1,8 миллиард теңге бөлінген. Әлеуметтік жағдайы төмен 11 мыңнан астам адам заңгер көмегін тегін алған.

Президент Әділет министрлігінің 2022 жылға арналған жоспарымен танысқаннан кейін әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған заңгерлік қызмет көрсету ісіне ерекше назар аударуды тапсырды.

Бөлісу: