Іздеу
Жабу

Мемлекет басшысы Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады

9 қараша, 2021
Бөлісу:

Қазақстан Президентіне сот жүйесін жаңғырту жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.

Жоғарғы сот төрағасы Мемлекет басшысына Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгеннен кейінгі 4 ай ішіндегі нәтижелер туралы айтты. Оның айтуынша, жаңа кодекстің енгізілуі шенеуніктердің ойлау жүйесін өзгертуге және тәртібін күшейтуге бағытталған.

Сонымен қатар Жақып Асанов Президентке дау-жанжалдарды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа жобаларды ілгерілету, біркелкі сот тәжірибесін және қылмыстық процесте тараптардың шынайы жарысын қамтамасыз ету жөнінде баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан реформалардың заң үстемдігін толық қамтамасыз етуі, азаматтардың құқықтарының қорғалу деңгейінің артуына септігін тигізуі және биліктің сот тармағына деген қоғамның сенімін күшейтуі қажет екенін атап өтті.

Бөлісу: