Іздеу
Жабу

Мемлекет басшысы ВТБ банкі басқармасының президенті әрі төрағасы Андрей Костинді қабылдады

13 желтоқсан, 2021
Бөлісу:

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстандағы бірлескен жобалар туралы ақпарат берілді.

Андрей Костин 2020-2021 жылдары Қазақстанның ірі мемлекеттік және жекеменшік компанияларымен жалпы құны 6 миллиард доллардан асатын бірқатар маңызды келісімге қол қойылғанын хабарлады. ВТБ қаржыландыратын қазақстандық жобалардағы қаражаттың жалпы көлемі 11,5 миллиард долларға жеткен.

«KAZ Minerals» компаниясының қаржыландырылуы осы жылдың аса үлкен келісімі болды. ERG компаниясымен несие келісімдері жаңғыртылып, «Самұрық-Қазына» қорымен және оның еншілес ұйымдары – Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы және «Қазтрансгаз» акционерлік қоғамымен бірқатар несиелік келісім іске асырылды.

Сонымен қатар Қазақстан Президентіне ВТБ банкінің жобалық қаржыландыру, соның ішінде жасыл энергетика бағытындағы жұмыстарының перспективті бағыттары туралы ақпарат берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Андрей Костинді жоғары мемлекеттік награда – «Достық» орденін алуымен құттықтады.

Бөлісу: