Іздеу
Жабу

Мемлекет басшысы Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға құттықтау жеделхатын жолдады

4 сәуір, 2022
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды «ФИДЕС – Христиан-демократиялық халық партиясы» коалициясының парламенттік сайлаудағы айқын жеңісімен және Мажарстан Премьер-министрі болып қайта сайлануымен Қазақстан халқының және жеке өз атынан құттықтады.

– Сайлаудағы жеңісіңіз – отандастарыңыздың Сізге және Өзіңіз басқарып отырған партияның Мажарстанның саяси-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, азаматтарының ырыс-берекесін еселеуге және оның халықаралық беделін нығайтуға бағытталған саралы саясатыңызға көрсеткен кең қолдауының айғағы екені сөзсіз. Отаныңыздың мүддесі мен жарқын болашағы үшін сіңіріп жүрген қажырлы еңбегіңізге, қолға алған тың бастамаларыңыз бен маңызды жоспарларыңызға сәттілік әрқашан серік болуына тілектестігімді білдіремін, – деп жазылған құттықтау жеделхатта.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мазмұнды саяси диалог пен дәстүрлі достықтан серпін алатын стратегиялық әріптестік бірлескен күш-жігеріміз бен үкіметтеріміз деңгейіндегі белсенді байланыстардың арқасында одан әрі беки түсетініне кәміл сенімді екенін жеткізді.

– Осы тұста, қазақ-мажар ықпалдастығының биік қарқынын сақтауға ерекше мән бере отырып, сан қырлы бағыттардағы іс-әрекеттестігімізді күшейту жолдарын талқылау мақсатында, өзара қолайлы уақытта Сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын, – делінген Президенттің құттықтауында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрінің аса жауапты қызметіне толағай табыстар, ал бауырлас мажар халқына мол бақыт пен құт-береке тіледі.

Бөлісу: