Іздеу
Жабу

Мемлекет басшысы «Amanat» партиясының кезектен тыс XXIII съезіне қатысты

26 сәуір, 2022
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын айтты. Президенттің пікірінше, «Аmаnаt» осы жүйелі өзгерістерге белсене атсалысып келеді. Сонымен қатар партияның қолға алынған реформаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруға қосып жатқан үлесіне тоқталды.

 – «Аmаnаt» әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қолға алынды. Сондай-ақ, оны институционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Осы қарқынды бәсеңдетпей, жұмысты одан әрі жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент наурыз айының ортасында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын ұсынғанын еске салды. Сонымен қатар бірден Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын дайындау жөнінде ауқымды жұмыс басталғанын, онсыз жоспарланған саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өтті.

– Конституциялық реформаның мақсаты – елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалау. Өткен аптада Конституциялық кеңеске түзетулер жобасы жолданды. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүлде жаңа үлгісін – Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді. Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?», деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан «Amanat» партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу ​​мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталғанын айтты. Президенттің пікірінше, біз суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тартамыз, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтеміз. Партиялық-саяси жүйені жаңғырту – басым бағыттың бірі.

Мемлекет басшысы партиялар мен сайлау туралы заңнамаларды либерализациялау қоғамның рөлін күшейтеді. Бұл – биліктің барлық деңгейінде қабылданатын шешімдеріне қатысты. Президенттің пайымынша, азаматтардың дауысы үшін бәсеке күшейіп, саяси үдерістердің қарқыны мен мазмұны өзгереді.

– Жалпы алғанда, партиялық алаңда сең қозғалғанын көріп отырмыз. «Adal» партиясының «Аmanat» партиясымен бірігу жөніндегі бастамасы – басталған өзгерістердің жарқын көрінісі. «Adal» партиясының жетекшілері мен мүшелеріне осы маңызды шешімдері үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте, партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан, «Adal» партиясының  бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. «Adal»  – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Мемлекет басшысы жауапты әрі аса маңызды кезеңге қадам басқанымызға тоқталды. Президенттің айтуынша, конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр.

– Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап «Amanat» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ, жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біз бірлесіп, көп жұмыс атқардық. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеруде. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады.

– Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатарынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. «Аmаnаt» еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарын жалғастыра береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев партияның төрағасы лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді.

Съезд делегаттары Президенттің ұсынысын қолдап, Ерлан Қошановтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.

Мемлекет басшысы бүгінгі өзгерістер «Аmаnаt» партиясының заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашатынына сенім білдірді.

Бөлісу: