Іздеу
Жабу

Қазақстан Президенті Ресейдің Омбы облысының губернаторы Александр Бурковты қабылдады

19 сәуір, 2022
Бөлісу:
Кездесу барысында сауда, машина жасау, көлік және ауыл шаруашылығы салалары бойынша Қазақстан өңірлерінің Омбы облысымен арадағы өзара тиімді кооперация мәселелері талқыланды.

Президент өңіраралық табысты ықпалдастықтың өзара сауда-саттыққа оң ықпал ететінін айтты.

– Біз өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Бұл бағытта Омбы аймағы ерекше орын алады. Омбы облысы мен Қазақстан Республикасы арасындағы тауар айналымы 380 миллион доллардан асты. Қазақстан – Омбы облысының нөмірі бірінші серіктесі. Біздің отандастарымыз, қазақтар тұратын бұл шекаралас аймақтың маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Омбы жерінде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының екі жақты байланыстырушы алтын көпір екенін атап өтті және қандастарымыздың тарихи Отанымен рухани байланыс жасауына ерекше мән беріп, жан-жақты қолдау көрсетіп отырғаны үшін Александр Бурковқа алғыс білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Омбы өңірінде қазақ халқының ұлы перзенттері Шоқан Уәлиханов пен Сәкен Сейфуллинді ұлықтағаны үшін облыс әкімшілігі мен тұрғындарына қазақстандықтардың ризашылығы шексіз екенін жеткізді.

Өз кезегінде губернатор Александр Бурков аймақтың агроөнеркәсіп кешені, азық-түлік өнімдерін өндіру, мұнай химия және құрылыс секторы сияқты салалар бойынша қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты.

Бөлісу: