Қазақстан Президенті Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбанмен кездесу өткізді
Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы екіжақты қатынастардың дамуын жоғары бағалады және әртүрлі деңгейдегі өзара байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Қазақстанда Мажарстанды жақсы біледі және оған құрметпен қарайды. Біздің Орталық Еуропадағы алғашқы елшілігіміз Будапешт қаласында ашылды. Ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз ведомстволарымыз бен үкіметтерімізді алға ұмтылуға, оның ішінде экономика бағытында ілгерілеуге, сондай-ақ БҰҰ және ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар аясында ықпалдастық жасауға ынталандыру деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Мажарстанның Премьер-Министрі екі ел халықтарының тарихи тығыз байланыстарын атап өтті.
Кездесу соңында Виктор Орбан Қазақстан Президентін келер жылы Мажарстанға сапармен келуге шақырды.